АҚШ бизнесмені Илон Масктің SpaceX жекеменшік корпорациясы жасаған Crew Dragon ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш станциясынан ажырады деп хабарлайды АҚШ ғарыш агенттігі (NASA). Қазір жерге бет алған Crew Dragon Атлант мұхитының Флорида жағалауына жақын тұсына қонады деп жоспарланған.
2 наурызда АҚШ-тың Канаверал мүйісіндегі ғарыш айлағынан Falcon 9 зымыран тасығышы алып ұшқан Crew Dragon кемесі ғарыш станциясымен 3 наурызда түйіскен еді. Бұл жолы Халықаралық ғарыш станциясына барып, кері қайтқан Crew Dragon кемесінің бортында экипаж мүшелері болған жоқ.
Crew Dragon - ғарышты игеру тарихында өздігінен ұшатын алғашқы кеме. NASA жоспары бойынша, астронавтар мен жүкті Халықаралық ғарыш станциясына жеткізу ісінде Crew Dragon және онымен бәсекелес Boeing жекеменшік ғарыш кемесі 1960-жылдары құрастырылған ресейлік "Союз" кемелерін алмастыруы тиіс. Boeing кемесі ғарышқа биыл ұшырылады деп жоспарланған.
Оқи отырыңыз: NASA қайта "алға шықты"
Әзірге "Союз" - Халықаралық ғарыш станциясына ғарышкерлерді тасып жатқан жалғыз кеме. "Союз" көмегімен АҚШ астронавтарын ғарыш станциясына жеткізіп, одан әкелу жөнінде Ресей мен АҚШ арасында жасалған келісім-шарттың мерзімі 2019 жылы сәуірде аяқталады.