Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытайдың Чжэцзян провинциясында "есірткі таратты" деген күдікпен ұсталған қазақ студентіне байланысты түсініктеме берді. Министрліктің хабарлауынша, 27 ақпанда ұсталған Юлия Ходеваға байланысты тергеу амалдары үш айға созылуы мүмкін.
“Шанхайдағы бас консулдығымыз бірінші күннен бастап бұл мәселені бақылауға алған. [Юлия Ходеваның] Әкесі М.Ходевпен байланыс орнатылды. Бұған қоса Юлия Ходевамен консул телефон арқылы сөйлесті. Денсаулығы мен изолятордағы жағдайға байланысты шағымы жоқ” делінген сыртқы істер министрлігінің 9 наурызда Азаттыққа жіберген жауабында.
Ұсталған студенттің туыстарына сілтеме жасаған жергілікті “Мой город” сайтының хабарлауынша, алты жыл бойы бизнес және менеджмент саласында оқып жатқан Юлия Ходеваның университетті бітіруіне екі ай қалған. Жақындары оның "есірткі сатумен айналысқанына" сенбейді.
Олардың айтуынша, полиция бірде-бір "дәлел көрсетпей", Юлияны негізсіз ұстап отыр. Студенттің ата-анасы енді Қытайға барып, заңгер жалдамақ.