Апатқа ұшыраған Ethiopian Airlines ұшағының бортындағы 157 адам түгел қаза тапқан. Бұл туралы Эфиопия мемлекеттік телеарнасы хабарлады. Бортта 149 жолаушы және сегіз экипаж мүшесі болған.
Эфиопияда жексенбі күні, 10 наурызда таңертең Аддис-Абебадан Кения астанасы Найробиге ұшқан "Боинг-737" ұшағы құлаған.
Ұшақта 35 елдің азаматтары болған. Оның үшеуі – Ресей азаматы.
Біріккен ұлттар ұйымы (БҰҰ) қаза тапқандар арасында өзі қолдайтын ұйымдардың 19 қызметкері болғанын хабарлады.
Әуе компаниясы таратқан тізімде Испания, Израиль, Марокко мен Польша "әрқайсысы екі азаматынан айырылғаны" жазылған. Қаза тапқандар арасында Бельгия, Джибути, Индонезия, Ирландия, Мозамбик, Норвегия, Руанда, Сауд Арабиясы, Судан, Сомали, Сербия, Того, Уганда, Йемен, Непал мен Нигерия азаматтары бар.
Апат себебі әзірге белгісіз. Әуе компаниясының хабарлауынша, ұшақ әуеге көтерілген аз уақыттан соң ұшқыш "әлдебір қиындық туғанын айтып, Аддис-Абебаға қайтуға рұқсат сұраған".
Эфиопия парламенті 11 наурызды қаралы күн жариялады.
Бұл – тұрақты түрде рейс жасап жүрген жолаушылар ұшағының биылға алғаш рет апатқа ұшырауы. Былтыр қазанда Индонезияда тап осы - "Боинг-737 MAX 8" маркалы ұшағы құлап, 189 адам қаза тапқан.