Мәдина Әбілқасымова ұлттық экономика бірінші вице-министрі болып тағайындалды. Бұл туралы премьер-министрдің ресми сайты хабарлады.
Әбілқасымова Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған.
4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді. Осы оқиғадан кейін Қазақстанда көп балалы аналар биліктен жәрдемақыны өсіруді, әлеуметтік мәселелерін шешуді талап етіп, наразылыққа шыққан. Аналар сол кездегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың қызметтен кетуін де талап еткен.
21 ақпанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сағынтаев басқарған үкіметті отставкаға жіберген. Назарбаев отставка туралы жарлыққа қол қоймас бұрын арнайы мәлімдеме жасап, үкімет жұмысын сынаған.
25 ақпанда Назарбаев жаңа үкіметтің құрамын бекіткен. Президент жарлығымен Асқар Мамин премьер-министр болып тағайындалған. Әбілқасымованың орнына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып Бердібек Сапарбаев келген. Ал Руслан Дәленов ұлттық экономика министрі болып тағайындалған.