Эфиопияда жүзден аса адам қаза тапқан апаттан соң Қазақстан Boeing 737 MAX ұшағын пайдалануға уақытша тыйым салды. Бұл туралы азаматтық авиация комитеті хабарлады.
Комитет таратқан хабарламада: "2019 жылдың 13 наурызынан Қазақстан "Scat" компаниясына тиесілі Boeing 737 MAX ұшағын пайдалануды уақытша тоқтатты. Қазақстан реестерінде осы модельдегі жалғыз ұшақ тіркелген" деп жазылған.
Эфиопияда 10 наурызда Аддис-Абебадан Кения астанасы Найробиге ұшқан "Боинг-737" ұшағы құлаған. Ethiopian Airlines компаниясына тиесілі ұшақ бортындағы 157 адам түгел қаза тапқан. Апат себебі әлі анықталып жатыр.
Кеше, 12 наурызда Еуропа одағы "Боинг 737 МАХ" моделіндегі ұшақтардың ұшуына уақытша тыйым салғанын хабарлады. Орталық Еуропа уақыты бойынша 19.00-де енгізілген (Қазақстан уақытымен - 00.00) тыйымның қашан аяқталатыны көрсетілмеген.
Агенттік "Еуропа одағындағы сапарларды қауіпсіз ету үшін уақытша тыйым енгізу қажет болды" деп жазады. Тыйым ішкі рейстерді де, Еуроодаққа кіретін, одан шығатын рейстерді қамтиды.
Осыған ұқсас тыйымды бұдан бұрын Ұлыбритания, Эфиопия, Индонезия, Франция, Германия, Австралия, Малайзия мен Түркия да енгізген. АҚШ осы ұшақ моделіне рейс жасауға тыйым салмаса да, Boeing компаниясынан "Боинг-737 MAX 8" ұшағын басқарудың автоматтандырылған жүйесін жаңартуды талап етті.
Бұған дейін Boeing компаниясы "таяу арада "Боинг-737 MAX 8" жолаушылар ұшағының барлығына жаңа жүйе енгізіліп, ұшқыштарды дайындау материалдарына нақтылаулар енгізіледі" деген.
Бұл – осы модельдегі ұшақтың жарты жыл ішіндегі екінші ірі апаты. Былтыр қазанда Индонезияда Boeing 737 ұшағы теңізге құлап, борттағы 189 адам түгел қаза тапқан.