12 наурызда Еуропарламент депутаттары бұдан былай Ресейді стратегиялық серіктес деп санамайтын қарар қабылдады. Құжатта "Кремльдің Қырымды аннексиялауы, Украина шығысындағы конфликтіге "тура және жанама араласуы", сондай-ақ Грузия мен Молдованың "территориялық тұтастығын бұзуы осындай шешімнің қабылдауына себеп болды" деп жазылған.
Қарар Мәскеуге бірнеше сын айтылған Еуропа одағы (ЕО) мен Ресей қатынасы жайлы баяндама негізінде қабылданды.
Баяндамада Ұлыбританияда Ресей әскери барлауының (ГРУ) бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен оның қызының улануы, кибершабуылдар мен Ресейдің ЕО аумағындағы популистік күштермен ықтимал байланысы айтылады. Сондай-ақ Ресейде оппозициялық белсенділер мен құқық қорғаушылардың "қудаланатыны" жазылған.
Еуропарламент "Ресей Украинаның аумақтық тұтастығын қалыпқа келтіргенде [Еуроодақпен қайта серіктес болады]" дейді. Алайда депутаттар "Мәскеу Еуропа кеңесінен шықпайды" деп үміттенеді.
Ресей 2014 жылы наурызда Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап алған. Ал сәуірде Донецк мен Луганск облыстарында ресейшіл сепаратистер мен Украина әскері арасында соғыс басталған. Қақтығыстардан 10 мыңнан астам адам қаза тапқан. Киев Мәскеуді ресейшіл сепаратистерді қолдап отыр деп айыптайды. Бірақ Мәскеу оны жоққа шығарады. 2015 жылы ақпанда Минскіде қақтығысты тоқтату жөнінде келісім жасалғанымен, ол әлі күнге толық орындалмай келеді.
Бір жыл бұрын - 2018 жылы 4 наурызда Солсбери қаласында белгісіз заттан қатты уланған бұрынғы ресейлік барлау қызметінің агенті Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия Скрипаль ес-түссіз халде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оларды ажалдан алып қалған.
Лондон олардың СССР тұсында жасалған "Новичок" уынан уланғанын айтып, Скрипальдарға қарсы жасалған қастандықты Кремльден көреді. Мәскеу бұған қатысы барын жоққа шығарып, қастандықты зерттеуге өз мамандарын жіберуді талап етіп отыр. Ресей президенті Владимир Путин Скрипальді "сатқын әрі шпион" деп атаған.