Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы Кок-Таш ауылында Ош-Исфан бағытындағы жүзге тарта көлік тоқтап тұр. Жүргізушілер тәжік шекарасына өте алмай тұр. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
Торт-Кочо ауылында да жағдайдың осындай екені айтылады.
13 наурызда екі ел шекарасында жүздеген азамат қақтығысып қалған. Анклав тұрғындары Ақ-Сай - Тамдык жолының салынуына қарсылық танытқан. Тоғыз сағатқа жалғасқан даудың кейін реттелгені хабарланды.
Қырғызстанның Баткен облысының аумағындағы Ворух тәжік анклавы тұрғындары Ош (Қырғызстан) - Исфана (Тәжікстан) тас жолының Жака - Орук бөлігін жапқан.
Екі ел шекарасының маңына Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтары жиналып, бір-біріне тас атқаны да айтылады. Екі жақтан да зардап шеккендер бар.
Өткен аптада Ворух анклавының маңынан өтетін Ақ-Сай - Тамдык жолының құрылысы қайта жалғасқан. Жергілікті билік өкілдері жиналған халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Ал Баткен облысының билігі тәжік тарапымен де келіссөз басталғанын хабарлады.