Солтүстік Корея ядролық қарусыздану бойынша АҚШ-пен келіссөз жүргізуді тоқтатуы мүмкін. Пхеньян ақпан айының соңында Ханойда өткен АҚШ-Солтүстік Корея саммитінде тараптардың келісімге келе алмағанына риза еместігін жеткізген.
Бұл ақпаратты Солтүстік Кореяның сыртқы істер министрінің орынбасары Цой Сон Хиге сілтеме жасаған Reuters агенттігі хабарлады.
Министрлік өкілі Солтүстік Кореяға ядролық сынақ пен зымыран ұшыруға тыйым салу мәселесін мемлекеттің өзі шешеді деп айтқан.
Цой Сон Хи Ханойдағы келіссөз жүргізу барысында "дұшпандық пен сенімсіздік атмосферасы" байқалғанын айтып, бұған АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мен ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Джон Болтонды кінәлаған.
Ақпанның 27-28 күндері Ханойдағы саммитте Корей түбегін ядролық қарусыздандыру мәселесін талқылаған АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын ортақ келісімге келе алмаған еді. Саммит қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Трамп Солтүстік Корея экономикалық санкциялардың күшін толық жоюды ұсынғанын, бұл ұсынысты қабылдауға дайын болмағанын атап өткен. Ақ үй тараптар алдағы уақытта келіссөзді жалғастырады деп мәлімдеген еді.