Шымкентте 210 қоғамдық тамақтану орны (ресми құжаттарда - "тағам объектілері") санитарлық талапқа сай болмай шықты. Бұл туралы 15 наурызда қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мәлімдеді.
Департаменттің ресми өкілі Ұлжан Әлібаеваның мәліметінше, қаладағы тойхана, шайхана, дәмхана, асхана, наубайхана, сүт өңдеу, ет өңдеу, балмұздақ, жедел тамақтану жерлері сияқты қоғамдық орындарға тексеру жүргізілген.
Әлібаеваның айтуынша, 301 орынның 210-ы санитарлық талапқа сай болмай шыққан.
Департамент өкілі "көбіне тамақтану орындарындағы қызметкерлердің медициналық тексеруден өтпеуі, пайдаланылатын азық-түлік сапасын және қауіпсіздігін дәлелдейтін құжаттардың болмауы, арнайы киімнің жоқтығы сияқты кемшіліктер анықталған" дейді.
Оларға билік 200-ден аса айыппұл салған. Ал он нысанның жұмысы сот шешімімен уақытша тоқтатылып, медициналық тексеруден өтпеген 58 жұмысшы жұмыстан уақытша шеттетілген.
Шымкентте 2018 жылдың наурызында "Южный" кафесінің жанында орналасқан дүңгіршектен балмұздақ сатып алып уланған тұрғындар Түркістан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен. 3 сәуір күні олардың саны 188-ге жеткен. Кейіннен уланғандардың 31-і - сальмонеллёз (жұқпалы ішек ауруы), 13-і стафилококк жұқтырғаны, балмұздақ дайындаған 12 қызметкердің бесеуінен сальмонеллёз және стафилококк ауруы анықталды.
2018 жылдың желтоқсан айында Шымкент соты "балмұздақтан жаппай улану" ісі бойынша кәсіпкер Дилмурат Ишмуратовты Қылмыстық кодекстің санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу бабымен (304-бап) айыпты деп танып, бір жыл бас бостандығын шектеп, үш жылға қоғамдық тамақтану саласында кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқұғынан айырып, жәбірленушілерге бір жарым миллион теңге көлемінде моральдық шығын өндіруге үкім еткен.