17 наурызда Сербия президенті Александр Вучич сенбі күнгі оқиғаға орай халыққа арнайы мәлімдеме жасайды. Кеше, 16 наурызда кешке Сербия астанасы Белградта сонымен бірге елдің Ниш және Нови Сад қалаларында жаппай наразылық шаралары өтіп, азаматтар президенттің отставкаға кетуін талап еткен. Белградта акцияға қатысушылар мемлекеттік RTS телеарнасының ғимаратын уақытша басып алып, кейінірек полиция шерушілерді шығарып жіберген. Бірнеше адам ұсталған.
Соңғы үш айда Сербияда президент Александр Вучич пен оның үкіметіне қарсы тұрақты түрде наразылық акциялары өтіп келеді. Акцияға қатысушылар президенттің отставкасын талап етіп, елде ашық сайлау, ақпарат еркіндігі болуы қажеттігін айтқан.
Оппозиция өкілдері Вучич елдегі сөз бостандығын тұншықтырып, саяси оппоненттерін қудалайды, БАҚ-қа қысым жасайды деп айыптайды. Өткен жылы қараша айында оппозициялық саясаткер Борко Стефановичті белгісіз біреулер ұрып-соққан. Қарсылық акциялары осы оқиғадан кейін басталған.