БАҚ-тың хабарлауынша, Венесуэланың АҚШ-тағы үш дипломатиялық өкілдігі өзін Венесуэланың уақытша президентімін деп жариялаған Хуан Гуайдоны жақтайтындардың бақылауына өтті. Гуайдоның жақтастары енді тағы төрт өкілдікке бақылау орнатуға тырысып жатыр. Мұны "халықаралық құқықты бұзу" деп атаған Венесуэла сыртқы істер министрлігі АҚШ билігін "заңсыз" басып алуға жол бермеуге шақырды.
Гуайдоның АҚШ-тағы сенімді өкілі Карлос Веккионың сөзінше, ол Венесуэланың Вашингтондағы әскери және әскери-теңіз атташе өкілдіктері мен Нью-Йорктегі бас консулдығы ғимаратын бақылауына алған. Оның сөзінше, жақын күндері Гуайдо өкілдері Вашингтонның Джорджтаун ауданында орналасқан Венесуэла елшілігін де өз бақылауына алмақшы. Бірақ ол үшін алдымен АҚШ мемлекеттік департаменті және жергілікті билікпен кей мәселелерді шешіп алу керек дейді Веккио.
Венесуэлада жаппай наразылықтар 57 жастағы президент Николас Мадуро екінші мерзімге қайта сайланып, биыл қаңтарда қызметіне ресми кіріскеннен кейін іле-шала басталды. Көп ұзамай Венесуэла парламентінің спикері 36 жастағы Хуан Гуайдо президент міндетін уақытша атқаратынын мәлімдеп, әділ сайлау өткізуді талап етті.
Гуайдоны АҚШ, Латын Америкасы мен Еуропа одағы елдерінің көбі қолдады. Ресей, Куба, Қытай және Мексика Мадуросты Венесуэланың заңды президенті деп санайды.
Веккио Венесуэланың Вашингтондағы әскери атташе өкілдігі уақытша елшілік ретінде пайдаланылатынын мәлімдеді. Венесуэланың Вашингтондағы әскери атташесі полковник Хосе Луис Сильва биыл қаңтарда Николас Мадуроның режимін қолдаудан бас тартып, оппозиция жетекшісін заңды президент деп мойындаған.
Веккионың айтуынша, Каракастың Вашингтондағы 55 дипломатиялық қызметкерінің 12-сі АҚШ-та қалып, Гуайдоны қолдауды ұйғарған. АҚШ Венесуэладағы дипломаттарын өткен аптада елге қайтарып алған.
АҚШ-та Венесуэланың бірнеше дипломатиялық өкілдігі бар. Вашингтон мен Нью-Йорктен бөлек олар Бостон, Чикаго, Хьюстон, Жаңа Орлеан мен Сан Францискода орналасқан.