19 наурызда Якутск қаласында Орталық Азиядан келген мигранттар жұмыс істейтін 80 жуық қоғамдық көлік тоқтап, Орталық Азия мигранттары сауда сататын бірнеше дүкен мен базар жабылған. Якутиядағы Қырғыз диаспорасы Якутскіде жүрген Қырғызстан азаматтарын сыртқа шықпауға шақырды.
Осыған дейін Якутиядағы басылымдар "16 наурызда 23 жастағы Қырғызстан азаматы 36 жастағы әйелді ұрлап әкетіп, зорлаған. Оған басқа екі Қырғызстан азаматы көмектескен" деген ақпарат таратқан еді. Жергілікті полиция негізгі күдікті ұсталғанын хабарлаған.
Осы оқиғадан кейін, 17 наурызда 200-ге жуық адам наразылыққа шығып, Орталық Азиядан келген мигранттарды елден шығаруды талап еткен. Ал 18 наурызда бес мыңға жуық адам Якутск қаласындағы Триумф стадионына жиналып, наразылықты жалғастырды. Жиналғандарға Саха республикасының басшысы Айсен Николаев пен Якутск қаласының әкімі Сардана Авксентьева келіп, наразылардан тарауды сұраған. Қала билігі оқиға жіті тексерілетінін, айыптылар жазаланатынын айтқан.
Якутиядағы Қырғыз диаспорасының жетекшісі Жазбек Бекболаев Азаттықтың Қырғыз қызметіне "жағдайдың өте қиын" екенін айтқан. Бекболаев Якутскіде "бес Қырғызстан азаматын белгісіз біреулер соғып кеткенін естіген".
19 наурызда Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің, миграция қызметінің, ішкі істер министрлігінің өкілдері Якутск қаласына келіп, жергілікті билік өкілдерімен кездескен. Екі тарап Якутия аймағында жүрген заңсыз мигранттар мәселесін талқылаған.
Якутиядағы қырғыз диаспорасының дерегінше, бұл аймақта он мыңға жуық мигрант бар.