20 наурызда Астанада Қазақстан парламентінің бірлескен отырысында сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президентінің өкілетін қабылдап, ант берді.
- Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бірлескен отырысқа елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев, үкімет мүшелері, президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар басшылары, Қазақстанда тіркелген шетелдік миссиялардың басшылары, сенат пен мәжіліс депутаттары қатысты.
Конституцияның 48-бабының 2-тармағына сай, Тоқаевтың ант беру рәсімі Орталық сайлау комиссиясының келісімімен өтті.
19 наурызда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналардан халыққа үндеу жасап, президенттік өкілетін тоқтататынын мәлімдеген еді.
Назарбаев үндеу жасап жатқанда қол қойған "Қазақстан Республикасы президентінің өкілетін атқару туралы" жарлыққа сәйкес, оның президенттік өкілеті 20 наурызда тоқтатылады.
Ел конституциясының 48-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан президентінің өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылғандықтан қалған мерзімде оның өкілеті парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшеді. Ол бұл қызметті жаңа президент сайланғанға дейін атқарады.