21 наурызда Астанада Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықты Наурыз мерекесімен құттықтап, бата берді. Астананың орталығында өтіп жатқан мерекелік шараға Назарбаевпен бірге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та келді.
Бүгін, 21 наурызда Қазақстан халқы Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамын атап өтуді бастады. Ел тұрғындары 21 наурыздан 26 наурызға дейін демалады.
19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналардан халыққа үндеу жасап, президенттік өкілетін тоқтататынын мәлімдеген еді. Назарбаев сайлау өткенше елді Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратынын айтқан.
20 наурызда парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Қазақстан халқына ант беріп, президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет астанасына елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынды. Ол "облыс орталықтарындағы негізгі көшелерге Назарбаев атын беру керек" деді. Осы күні парламент Астана атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы заң жобасын қабылдаған.