Тоқаев халықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады

Назарбаев пен Тоқаев Наурыз мейрамы шарасына келген сәт. Астана, 21 наурыз 2019 жыл.

Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықты Наурыз мейрамымен құттықтады. Тоқаевтың құттықтауы 21 наурызда Ақорда сайтында жарияланды.

Қазақстанның уақытша президенті құттықтауында "көне заманнан бастау алатын осынау мейрам жаңару мен жаңа өмірдің басталу сәтін сипаттайды. Бүгінде Наурыз - ортақ шаңырағымыз - Қазақстандағы достықты, өзара құрмет пен келісімді нығайтуға септігін тигізетін шын мәніндегі жалпыхалықтық мейрам" деген.

21 наурызда Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Тоқаев Астананың орталығындағы Наурыз мерекесіне барған. Бұл шарада Назарбаев халыққа бата беріп, мерекемен құттықтаған.

Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялаған. Ол мәлімдемесінде сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан. Тоқаев 20 наурызда ант беріп, қызметіне кіріскен.

Билік басына совет заманында көтерілген Назарбаев әуелі экономиканы дамыту саясатын ұстанатынын жиі мәлімдеген, бірақ халықаралық және жергілікті құқық қорғау ұйымдары оны қоғамды демократияландыруды тежеді, отбасы мүшелерін мемлекет қызметі мен ірі бизнес саласына орнықтырды деп сынап келген.