22 наурызда Астанада "Шапағат" сауда орталығының маңында полиция ондаған адамды ұстап әкетті. Олардың арасында "Настоящее время" телеарнасының тілшісі Светлана Глушкова да бар. Полиция адамдарды не үшін ұстап жатқандарын түсіндірмеді.
Оқиғадан тікелей эфир таратуға барған Азаттық тілшілеріне бір топ жас полицияның адамдарды ұстап жатқан сәтін түсіруге кедергі келтірді. Азаттық тілшілері сол маңда жүрген полицияға шағымданғанымен, жастарға шара қолданбады.
Жастар Азаттық тілшісіне аты-жөндерін айтпады. Бір студент "елімізде президент ауысып жатыр, біз бұл шешімді қолдаймыз" деді. Екіншісі халықты Наурыз мейрамымен құттықтағысы келетінін айтып, камера алдында тұрып алды. Араларында Азаттық операторының камерасын қолындағы қағазбен жауып, кедергі келтірген студенттер де болды.
"Шапағат" сауда орталығының маңына мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл да келді. Ол полицияның адамдарды ұстауын "заңға сай" деді. Депутат "мерекені пайданалып, бір адам өзіне ұпай жинауға тырысып жатыр" деді. Смағұл ұпай жинап жатқан адамның кім екенін айтпады.