Кемерово қаласындағы (Ресей) "Зимняя вишня" сауда орталығындағы өрттен зардап шеккендер екі миллиард рубльден (шамамен 30 миллион доллар) астам өтемақы талап етіп отыр. Бұл ақпаратты Ресейдің тергеу комитетіне сілтеме жасаған "Сибирь. Реалии" сайты хабарлады.
Жәбірленушілердің барлық талаптарын орындау үшін тергеушілер айыпталушылардың 700 миллион рубльге (шамамен 10,5 миллион доллар) бағаланған мүлкін бұғаттаған.
"Тергеушілер өртке байланысты қозғалған істегі жәбірленушілерге азаматтық шағым дайындауға көмектесіп жатыр. Онда екі миллиард рубльден астам (оған моральдық өтемақы да кіреді) қаржы көлемінде өтемақы өндіру туралы талап бар" деді тергеу комитетінің ресми өкілі Светлана Петренко.
Наурыздың 25-і күні Кемерово қаласындағы "Зимняя вишня" сауда орталығында болған өрттен 64 адам (арасында 41 бала бар) ажал құшқан. Ресейдің Кемерово облысын ұзақ жылдар бойы басқарып келген 73 жастағы Аман Төлеев оқиғадан кейін отставкаға кеткен.
Өртке байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша 434 адам жәбірленуші танылған. Оқиға бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалған. 15 адам қамауға алынған. Олардың арасында Кузбастағы төтенше жағдай жөніндегі министрлік бас басқармасының бұрынғы басшысы Александр Мамонтов та бар.