Қазақстан қалаларында астана атауының өзгеруін қолдаған концерттер өтті

Астана әкімдігі алдында өткен концерттен көрініс. 25 наурыз, 2019.

Қазақстан астанасы әкімдігі алаңының алдында ел астанасының атауын "Нұр-сұлтан" деп өзгертуді қолдау концерті өткен. Шараға 800-ге тарта адам жиналған. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

Әкімдік хабарлауынша, жиында сөз сөйлегендер "Қазақстан астанасына елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілгенін қолдайтынын" айтқан.

Осыған ұқсас шаралар тағы бірнеше қалада – Алматы, Шымкент, Семей, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл, Атырауда өткен. Басылымдар жазуынша, Қарағандыда өткен жиынға "он мыңға жуық адам қатысқан".

Шарадан хабар таратқан мемлекеттік басылымдар Қазақстан астанасын "Нұр-Сұлтан" деп атауды қолдаған қала тұрғындары мен танымал азаматтардың сөзін келтіреді. Биліктегі "Нұр Отан" партиясы мен жергілікті әкімдік өкілдері Назарбаев саясатын қолдай сөйлеген.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 23 наурыз, сенбі күні Астана қаласын Нұр-Сұлтан деп атау туралы жарлыққа қол қойған. Dknews.kz сайтының жазуынша, ел астанасының атын өзгертуге шамамен 47 миллиард теңге (немесе 125 миллион доллар) жұмсалуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Тоқаев қызметіне кірісе сала Конституциядағы қайшылық көрінді

Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялаған. Ол мәлімдемесінде сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан. Тоқаев 20 наурызда ант беріп, қызметіне кірісті.