Қызылорда облысында құлаған әскери тікұшақта болған 13 адам түгел қаза тапты. Бұл туралы Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
27 наурыз, сәрсенбі күні Ақтаудан Шымкентке ұшып бара жатқан Қазақстан қарулы күштерінің тікұшағы Қызылорда облысында апатқа ұшыраған. Экипаждың қаза тапқанын Қазақстанның уақытша президенті кеше түнде, 27 наурызда, Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында хабарлаған.
Мемлекеттік "Хабар 24" арнасы "тікұшақтың батпақты жерге құлауы құтқаруда қиындық тудырған" деп хабарлады.
Ми-8 тікұшағы Жалағаш ауданындағы Бұқарбай батыр ауылынан 7-8 шақырым жерге – Шіркейлі каналының жағасына құлаған. Соңғы екі күн бұл маңда жаңбыр жауған.
Қазақстан бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин бұл жағдайға қатысты қылмыс іс қозғалғанын, "қазір түрлі сараптама мен тергеу амалдары жүріп жатқанын" хабарлады.
Ресми ақпаратта әскери жаттығуға қатысқан төрт тікұшақтың екеуі Қызылордаға қонып, біреуі апат болған аумаққа оралғаны айтылады. Тікұшақтар қас қарайған әрі ауа райы қолайсыз уақытта арнайы әскери жаттығуға қатысқан деп мәлімдеді министрлік.
Апатқа Ми-8 әскери тікұшағы ұшыраған деп хабарланды. Қазақстан ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің өкілі Нұрсұлтан Нұрмұхаметовтің РИА "Новости" агенттігіне айтуынша, "құлаған тікұшақ түгелдей жанып кеткен".