Венесуэла бас бақылау органы оппозиция лидері, қаңтарда өзін уақытша президент жариялаған Хуан Гуайдоның жемқорлық күдігімен парламент спикері қызметінен шеттетілгенін хабарлады. Оған 15 жыл сайланбалы қызметтері атқаруға тыйым салынды. Бұл туралы елдің бас бақылаушысы Элвис Аморосо хабарлады.
Аморосоның сөзінше, Гуайдоның шығындары оның декларацияланған табысына сай келмейді. Гуайдо өзінің қарсыласы – Венесуэла президенті Николас Мадуроға тәуелді құрылымның бұл шешіміне қатысты әлі комментарий бермеді.
28 наурызда Гуайдо "бір аптадан соң, 6 сәуірде, "Азаттық" операциясының бірінші кезеңі басталады" деп мәлімдеген. Операция елдің әр өңірінде жаңа мемлекеттік құрылымдар құрып, өтуі ықтимал жаппай ереуілден соң Мадуро режиімін құлатуды көздейді.
Венесуэла қазір саяси дағдарысты кешіп жатыр. Венесуэла парламенті оппозиция бақылауында. Жыл басында ассамблея спикері Хуан Гуайдо өзін уақытша президент жариялап, Мадуро билігін заңсыз таныған.
Ресей мен Қытай – Мадуроның ең ірі жақтаушылары. Ал Гуайдоны АҚШ пен Еуропа одағы, Латын Америка елдерінің шамамен барлығы, сондай-ақ басым бөлігі батыс елдерінен тұратын 50-ден аса мемлекет қолдайды.