Тікұшақ апатынан қаза тапқан екі әскеридің сүйегі Ақтөбеге жеткізілді

Қызылорда облысындағы тікұшақ апатынан қаза тапқан Данияр Қоңырбай мен Өмірхан Қауқаевтың сүйегі 30 наурызда Ақтөбеге жеткізілді.

Қызылорда облысында тікұшақ апатынан қаза тапқан 13 азаматтың арасында болған майор Данияр Қоңырбай мен ефрейтор Өмірхан Қауқаевтың сүйегі 30 наурыз күні Ақтөбеге жеткізілді. Қаралы митинг Ақтөбедегі әуе қорғаныс күштері әскери институтының әуежайында өткен. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтөбедегі әуе қорғаныс күштері әскери институтының түлегі, майор 34 жастағы Данияр Қоңырбай Мұғалжар ауданында туған. Артында үш баласы қалған. Мұғалжар ауданының Қаракөл ауылында тұратын ата-анасы ертең оны туған жеріне жерлемек.

Ал 28 жастағы ефрейтор Өмірхан Қауқаев Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында туған. Бүгін сүйегі туған жеріне жеткізілген Өмірхан Қауқаевтың артында бір баласы мен аяғы ауыр әйелі қалды. Оны ертең жерлейді.

Жергілікті әкімдік қаза тапқандардың отбасына бір миллион теңге қаржылай қолдау көрсетілетінін хабарлады.

27 наурыз, сәрсенбі күні Ақтаудан Шымкентке ұшып бара жатқан Қазақстан қарулы күштерінің тікұшағы Қызылорда облысында апатқа ұшыраған. Қазақстанның қорғаныс министрлігі тікұшақта болған 13 адамның бәрінің қаза тапқанын хабарлады.

Министрліктің дерегінше, тікұшақ әскери жаттығу аясында Ақтаудан Шымкентке әскерилерді тасыған. 28 наурызда Қазақстан бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.