НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг әскери одақтың 70 жылдығына орай АҚШ конгресінде сөйлеген сөзінде қорғанысқа бөлінетін қаржының артуын құптайтынын айтты. Столтенбергтің сөзінше, Гитлерді – бейбіт шерумен, Сталинді – сөзбен, террористік "Ислам мемлекеті" ұйымын келіссөзбен тоқтату мүмкін болмас еді.
"Мемлекет қуаты экономика және сарбаздар саны ғана емес, жақтаушылар көптігімен де өлшенеді. НАТО-ның арқасында АҚШ-тың досы мен одақтасы басқа державалардан асып түсті. Бұл АҚШ-ты күшті әрі қауіпсіз етуге септесті" деді Столтенберг.
НАТО бас хатшысының сөзінше, әскери одақ мәселелерінің бірі – АҚШ пен Ресейдің орта және қысқа қашықтыққа арналған ядролық зымырындарды жою келісімінен шығуы. Одақ өкілі "Ресейдің келісімнен шығуына жауап ретінде НАТО Еуропа аумағында зымырандарын орналастырмайды" деді. Оның айтуынша, одақ "тағы бір қырғи-қабақ соғыстың болғанын қаламайды".
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО-ға мүше басқа елдер өздері төлейтін жылдық жарна көлемін арттырмаса, Вашингтон одақтан шығады деп шарт қойған. Енді одақ мүшелері қорғанысқа жалпы ішкі өнімдерінің 2 пайызын жұмсауы мүмкін. Бұған АҚШ, Ұлыбритания, Балтық елдері, Грекия мен Румыния келіскен.