Тоқаев тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдау туралы заңға қол қойды

Ақорда.

Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 4 сәуірде әлеуметтік осал азаматтар мен көп балалы отбасыларды әлеуметтік қамту туралы заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Құжатта атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасындағы әрбір балаға 20 789 теңге берілетіні көрсетілген. Сондай-ақ, заңға сәйкес, бұдан былай атаулы әлеуметтік көмек отбасында жан басына шаққандағы табыс күнкөріс минимумының 70 пайызынан, яғни 20 789 теңгеден аз тиетін адамдарға беріледі. Заңда мүгедек бала бағып отырған ата-аналар мен кішкентайынан бірінші топтағы мүгедектігі бар балаларға күтім жасайтын адамдарға ай сайын берілетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін 30 пайызға арттыру көзделген.

27 ақпанда өткен "Нұр Отан" партиясының съезінде Нұрсұлтан Назарбаев "халықтың өмір сапасы мен әл-ауқатын жақсарту үшін" Ұлттық қордан қаржы бөлу туралы шешім қабылдағанын, биыл республикалық бюджет қаржысының 45 пайызын әлеуметтік салаға жұмсау жоспарланып отырғанын айтқан.

21 ақпанда Қазақстан президенті үкіметті отставкаға жіберді. 19 наурызда Назарбаевтың өзі биліктен кететінін мәлімдеді.

Кейбір сарапшылар соңғы екі айда ел билігінде болған өзгерістерді 6 ақпанда басталған көп балалы аналар наразылығы жеделдетті деп санайды. Олардың сөзінше, бұл толқулар елде қордаланып қалған әлеуметтік мәселелер барын көрсеткен.

Видео: Билікке наразы аналар.

Your browser doesn’t support HTML5

Билікке наразы көп балалы аналар