Алжир парламенті отставкаға кеткен Әбделәзиз Бутефликаның орнын басатын уақытша президентті тағайындау мәселесін 9 сәуірде қарастырады. 6 сәуір күні тараған мәлімдемеде “парламенттің екі палатасының отырысы сейсенбі [таңертең] өтетіні туралы шешім қабылданды” делінген.
Алжир конституциясына сәйкес, жоғары палатаның спикері жаңадан сайлау тағайындалғанша 90 күнге дейін президент кеңсесін басқаруы тиіс. Қазір бұл қызметті 77 жастағы Әбделқадыр Бенсалах атқарып отыр. Жоғары палата өкілінің айтуынша, заң шығарушы орган өкілдері қажетті процедуралардан кейін Бенсалахты мемлекет басшысы ретінде тағайындауы тиіс.
Бутефлика 2 сәуірде алты аптаға созылған халықтың бейбіт шеруінен соң отставкаға кеткен. Елдің әскери штаб басшысы да Бутефликаны қызметке жарамсыз деп тануға шақырған.
Бутефлика отставкаға кеткенмен елде наразылық шаралары басылған жоқ. Сәуірдің 5-і күні Алжирде мыңдаған азамат көшеге шығып, тұтас режимнің ауысын талап етті. Алжир астанасындағы наразыларды қолдау үшін аймақтан да азаматтар келген. Олардың басты талабы режимнің тұтас ауысуы, биліктен Бутефлика кланы өкілдерінің бәрін кетіру және демократия талаптарына сәйкес сайлау өткізу болды.
Алжирдегі наразылық (5 сәуір 2019 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
20 жыл елді басқарған 82 жастағы Бутефлика ақпан айында бесінші рет сайлауға түсетінін мәлімдеген кезде елде наразылық өршіген еді.
Бутефлика билікке елдегі азаматтық соғыс кезінде яғни, 1999 жылы келген. Ол Алжирдегі азаматтық соғысты тоқтатып, елде бейбітшілік орнатты. Бұған дейін наразылыққа шыққандар арасында "президентке қарсы емеспіз, ол Алжир үшін көп іс тындырды. Бірақ қазір президент болуға денсаулығы жарамайды" дегендер де болған.