Қырғызстанда Сәуір төңкерісінде қаза тапқандарды еске алды

"Ата-Бейит" мемориалды кешені. 7 сәуір 2019 жыл.

Сәуірдің 7-сі Қырғызстанда "Ата-Бейит" мемориалды кешенінде 2010 жылы Сәуір төңкерісі кезінде қаза тапқандарды еске алды.

Шараға Қырғызстанның президенті Сооронбай Жээнбеков, Жогорку Кенеш спикері Дастанбек Жумабеков, премьер-министр Мухаммедкалый Абылгазиев, жоғары сот төрағасы Гульбара Калиева, елдің бұрынғы президенті Роза Отунбаева және қаза тапқандардың туыстары мен оқиғадан зардап шеккендер, қоғамдық белсенділер қатысты.

Мемлекет басшысы оқиғадан қаза тапқандарға арналған ескерткішке гүл қойды. Жиналғандар дұға бағыштап, оқиға құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Қырғызстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Ата-Бейит" мемориалды кешенінен соң Сооронбай Жээнбеков 2002 жылғы Ақсы оқиғасы кезінде және 2010 жылғы "Ала-Тоо" алаңында болған Сәуір оқиғасында қаза тапқандарға арналған ескерткішке барып, гүл қойған.

2010 жылы 7 сәуірде Қырғызстандағы "Ақ үйдің" алдында оппозиция өткізген митингі кезінде оқ атылып, 86 адам қаза тапқан. Жүзден аса адам зардап шеккен. Жараланған бірнеше адам тоғыз жыл ішінде ауруынан айыға алмай, көз жұмды.

Сәуір оқиғасынан соң Қырғызстанның екінші президенті Курманбек Бакиев пен оның туыстары, жақтастары елден қашқан.

2002 жылы 17 наурызда Қырғызстанның оңтүстігіндегі Аксы ауданында да үкіметке қарсы толқулар кезінде полиция төрт шерушіні атып тастаған. Ал 2005 жылы 24 наурызда Бішкектегі үкіметке қарсы шерулер нәтижесінде сол кездегі президент Аскар Акаев биліктен қуылған. Бұл оқиға кейін "қызғалдақ төңкерісі" аталып кеткен.