10 сәуірде Нұр-сұлтан қаласында Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының жиынын өткізді.
Президенттіктен кетсе де, "Нұр Отанның" төрағасы болып қалған Назарбаевтың айтуынша, партия нәтижелі жұмыстардың арқасында елдегі негізгі саяси күшке айналған. Назарбаев өзі басқаратын партия өкілдеріне 9 маусымда өтетін кезектен тыс сайлауға белсенді қатысуды тапсырды.
"Қасым-Жомарт Тоқаев құқығын пайдаланып, кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Сайлау елдегі биліктің заңдылығын нығайтуға және елдегі тұрақтылық үшін қажет. Біз партия съездін өткізіп, келе жатқан сайлауға кандидат ұсынуымыз керек" деді ол.
Назарбаев сайлауды демократиялық нормалар мен барлық заңдарды сақтай отырып ұйымдастыру керектігін айтты.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде республикалық арналар эфирінен жасаған мәлімдемесінде Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін айтқан.
10 сәуірде Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде аяқталатынын жариялады.