АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың заң бойынша кеңесшісі Грегори Крейгке таяу арада оның Украина экс-президенті Виктор Януковичпен іскерлік қатынасына байланысты айып тағылуы мүмкін. Бұл туралы Крейгтің адвокатына сілтеп, New York Times газеті хабарлады.
Арнаулы прокурор Роберт Мюллер 2016 жылы АҚШ-тың президент сайлауына Ресейдің ықтимал араласу ісін тергеп жүргенде Крейгтің Украинадағы қызметіне назар ауған.
Клинтон мен Обаманың президент әкімшіліктерінде лауазымды қызметтерді атқарған 74 жастағы Крейг Мюллердің тергеуі аясында күдікке ілінген Демократтар партиясындағы бірінші адам болмақ.
Крейгке 2012 жылы Януковичке лоббистік қызмет көрсетті деген айып тағылуы мүмкін. Шетел агенттерін тіркеу туралы АҚШ заңына (FARA) сай, шетел азаматтарына лоббистік қызмет көрсететін кез келген тұлға шетел агенті ретінде тіркелуі тиіс. Януковичке қызмет етіп жүрген кездері Крейг Skadden, Arps, Slate, Meagher & Flom адвокаттық компанияларымен жұмыс істескен.
Крейг Skadden компаниясынан былтыр кетіп қалған. Ал биыл қаңтарда Skadden шетел агенттерін тіркеу туралы заңды бұзды деп сотқа тартылмас үшін АҚШ бас прокуратурасымен келісім аясында 4,6 миллион доллар айыппұл төледі.
АҚШ-та шетел агенттері туралы заңмен азаматтарды қудалау соңғы жылдары жиілей түскен. Былтыр арнаулы прокурор Роберт Мюллер Трамптың сайлауалды штабының бұрынғы жетекшісі Пол Манафортқа оның Украинадағы лоббистік қызметі мен одан тапқан ақшасына салық төлемегені үшін айып таққан. Кезінде тап осы Манафорт Крейг пен Януковичті байланыстырған.
Биыл наурызда Манафорт алаяқтық бабымен және шетел агенттері туралы заңды бұзғаны үшін сотталған. Оған 7,5 жыл түрме жазасы кесілді.