WikiLeaks негізін қалаушы Джулиан Ассанж Лондонда ұсталды

Джулиан Ассанж.

11 сәуірде WikiLeaks негізін қалаушы Джулиан Ассанжды британ полициясы Лондондағы Эквадор елшілігінде ұстады. Осыдан 7-8 жыл бұрын Швецияда оған айып тағылып, АҚШ-қа экстрадициялану қаупі туындаған кезде Ассанж өзіне Эквадордың уақытша баспана бергенін пайдаланып, елшілікті паналаған. Содан бері ол елшілік ғимаратында тұрып келген еді.

Бірақ соңғы кезде Эквадор билігімен қарым-қатынасы нашарлаған Ассанж елдің жаңа президенті Ленин Мореноның өзіне саяси баспана беруден бас тартқанын хабарлаған. WikiLeaks дерегінше, бұған Эквадор президенті Ленин Мореноның Панамада тіркелген офшор компанияларымен байланысы жайлы ақпараттың жариялануы себеп болған.

Сәуір айының басында Эквадор билігінің Ұлыбританиямен Ассанжды беру туралы келіскені жайлы бейресми ақпарат тараған.

Британ соты 2011 жылы WikiLeaks басшысын Швецияға беру туралы қаулы шығарған соң Ассанж Эквадор елшілігін паналаған. Швецияда оған "зорлау" бабы бойынша айып тақты. Бірақ кейінірек алынып тасталды. Алайда соған қарамастан Ассанж "АҚШ-қа экстрадициялануы мүмкін екенін айтып" елшіліктен кетпеген. АҚШ-та "құпия ақпарат жариялады" деп айыпталып отырған Ассанж еліне экстрадицияланса, түрмеге қамалуы мүмкін.

Американың құқық қорғау органдары бұған дейін Ассанжды "Ресеймен құпия келісім жасасты" деп те айыптаған. Құқық қорғау орган өкілдері оның АҚШ-тағы демократтар партиясы серверіндегі құжаттардың ұрлануына қатысы бар деп күдіктенген. Ал Ассанж Ресеймен байланысы барын жоққа шығарған.

WikiLeaks жобасы 2006 жылы пайда болған. Бұған дейін порталда Ирак, Ауғанстан және Сириядағы соғыстар жайлы АҚШ-тың құпия құжаттары жарияланған.