11 сәуірде Амстердамда World Press Photo жүлдесін табыстау рәсімі өтті. Пулитцер сыйлығының иегері америкалық Джон Мураның фотосы жылдың үздік суреті деп танылды.
Онда АҚШ шекарашысы Гондурастан келген мигрант Сандра Санчесті кішкентай қызының көзінше тінтіп жатқаны бейнеленген.
Үздік фотобаян номинациясы бойынша жүлдені АҚШ-қа бет алған мигранттарды туралы репортаж дайындаған голландиялық Питер тен Хупен алды.
Үздік видеобаян жүлдесі АҚШ пен Мексика шекарасына өтуге тырысып жатқан заңсыз мигранттар туралы сюжетке берілген.
2018 жылы АҚШ-та Латын Америка елдерінен келген мигранттар мәселесі туды.
Заңсыз миграциямен күрес, АҚШ-тың оңтүстік шекарасында дуал тұрғызу – Трамптың сайлауалды кампаниясы кезінде берген уәделері. Конгресс президенттің бұл бастамаларын қаржыландырудан бас тартқан. Мұнан соң Трамп Мексикамен шекарада төтенше жағдай жариялап, қаржыны Пентагон мен басқа да ведомстволардан алды.
Орталық Америка елдерінің тұрғындары АҚШ-қа миграциялық саясаттың қатаңдағанына қарамастан, елдеріндегі кедейліктен амалсыз қашып келе жатқандарын айтады.