Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты, 2017 жылы елден кеткен Өмүрбек Бабанов Қырғызстанға 13 сәуір емес, басқа күні келеді. Бұл туралы Бабанов 13 сәуірде Мәскеу әуежайынан жасаған видеомәлімдемесінде айтты.
Ол елде тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға мүдделі күштер бар екенін жеткізіп, "ел тыныштығы үшін" әзірге Қырғызстанға келмей тұруды шештім деп айтқан. Елде өзін қолдап, митинг жасаудың да қажеті жоғын атап өткен.
Бабанов видеомәлімдемесі. (12.04.2019 жыл).
"Республика" партиясының жетекшісі Өмүрбек Бабанов 2017 жылғы президент сайлауынан кейін елден кеткен. 2018 жылы үлкен саясаттан кеткенін, жеке кәсібімен айналысатынын айтқан.
Осы апта басында оның еліне қайта оралатыны туралы ақпарат шыққан.
Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегінше, саясаткердің үстінен бұған дейін екі қылмыстық іс қозғалған. Бірі - 2017 жылы сайлауалды науқаны кезіндегі ел алдында сөйлеген сөздерімен байланысты. Екінші іс "билікті басып алмақ болды" деген айыппен байланысты. Комитет өкілдері бұған дейін бір істің тоқтап, бір іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатқанын хабарлаған.
2017 жылғы сайлауда Бабановтың қазіргі президент Сооронбай Жээнбековтен кейін 33 пайыздық дауысқа ие болғаны хабарланған. Бабановтың президенттікке кандидат кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуін сол кездегі президент Алмазбек Атамбаевтың сынаған еді. Атамбаев ресми Астананы көрші елдің ішкі ісіне араласып, өз кандидатын таңып отыр деген сарында айыптаған. Қазақстан жағы оны жоққа шығарған.