15 cәуірде кешке Алматыда екі азаматты автобус қағып, қаза тапты. Бұл туралы қалалық полиция департаментіне сілтеп, "Қазақпарат" агенттігі хабарлады.
Апат Достық-Оңдасынов көшелерінің қиылысында болған.
"Бұл жағдайды қазір Қылмыстық кодекстің көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы (345-4) бабымен тергеу басқармасы тергеп жатыр. Апаттан 1967 жылғы ер адам мен 55-60 жастағы кім екені анықталмаған әйел кісі қаза тапты. Тиісті сараптама жүргізіледі" деді полиция департаменті.
Биыл 26 наурызда Нұр-Сұлтандағы орталық көшелердің бірінде үш автобус пен бірнеше жеңіл көлік соқтығысып, екі адам – 53 жастағы автобус жүргізушісі мен 26 жастағы азамат қаза тапқан. Зардап шеккендердің бірі мүгедек болып қалды.