Түркістан облысы Жетісай қаласындағы бір отбасының үш қызын "өгей шешесі ұрып-соққан". Жарақаттанған қыздар ауруханаға жеткізілген. Ал балалардың өгей шешесі тергеу изоляторына қамалды.
Жетісай аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиевтің Азаттыққа айтуынша, 12 сәуірде қаладағы Дінмұхамед Қонаев атындағы мектептің бір отбасындағы алтыншы, жетінші және тоғызыншы сыныпта оқитын оқушы қыздарының бетінің көгергенін сынып жетекшілері байқаған. Мектеп директоры болған жайт бойынша білім бөліміне хабарлағаннан соң аудан әкімдігі, полициямен бірге қыздарды әке-шешесінен оқшаулау жайы қарастырылған.
Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз xатшысы Салтанат Қаракөзова "өгей қыздарын ұрып-соққан" әйелдің уақытша тергеу изоляторына қамалып, үстінен іс қозғалғанын хабарлады.
Әжесінің өтінішімен қыздың үшеуі де оның қарауына берілген. "Бетінен бөлек денесіндегі жарақаттарды көрген әжесі қыздарды ауруханаға жеткізген" дейді бөлім басшысы.
Облыстық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз хатшысы Мира Мүсілім кәмелет жасқа толмаған үш қыздың Жетісай аудандық ауруханасына дене жарақатымен жеткізілгенін растады.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова аталған оқиғаға байланысты өгей шешесінің үстінен Қылмыстық кодекстің кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Оның сөзінше, күдіктіні қамауға алу шаралары қолға алынған.
Бұл істі ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың өз бақылауына алғаны айтылады. 16 сәуірде әлеуметтік желілерде өгей шешесі ұрып-соққанын, "аяғына пышақ тығып, кемпірауызбен денесіне жарақат салғанын" айтқан қыздардың видеосы мен суреттері тараған.