АҚШ қаржы министрлігі Венесуэла, Никарагуа мен Кубаға тағы санкция салды. Бұл туралы АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джон Болтон хабарлады.
Санкцияға іліккендер қатарында Венесуэланың орталық банкі бар. Оған АҚШ долларын сатып алуға тыйым салынды. Болтонның сөзінше, бұл - елдің қазіргі президенті Николас Мадуроның әскери қуатын арттыруға көмектесіп отырған Ресей мен басқа елдерге жасалған ескерту. Кеңесші Венесуэлада ресейлік әскерилердің жүруін "арандату" деп атап, мұны "ел қауіпсіздігіне төнген қатер" деп бағалады.
Никарагуаға қойылған санкцияға Bancorp банкі мен Даниэль Ортеганың ұлы Лауреано Ортега іліккен. Ол инвестиция тартумен айналысатын агенттікті басқарады. Вашингтон банк пен президент ұлын өз мүдделері үшін "жемқорлыққа барып, ақша жымқырумен айналысты" деп санайды.
Кубада санкция мемлекет әскері мен барлау қызметіне қатысы бар бес ұйымға қойылған. Кубада туыстары жоқ АҚШ азаматтары бұдан былай елге бара алмайды. Бұған қоса қаржы министрлігі елге ақша жіберуге шектеу қойды. Бұдан былай азаматтар Кубаға әр үш ай сайын мың доллар ғана жібере алады.