Қазақстанның энергетика министрлігі “Қаламқас” кенішінде жұмыс істеген бұрғылау компаниясының лицензиясын тоқтатты деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған жергілікті ақпарат агенттіктері.
Министрліктің жұма, 19 сәуірде таратқан хабарламасына сәйкес, ведомство кеніште шикізат өндіру кезінде бұрғылау және ұңғымаларды жөндеу жұмыстарын жүргізген "СиБу" компаниясының қызметінен бірқатар заңбұзушылық тауып, олар жойылғанға дейін лицензиясын тоқтатқан.
"[Компания] Жеке меншігінде кейбір жабдықтар мен құралдардың бары жайлы құжат жоқ, арнайы қызмет жасақтау туралы бұйрық немесе жауапты адамдарды тағайындау жайлы құжат жетіспейді, сонымен бірге "Рұқсат беру және ескерту туралы" ҚР заңында көрсетілген талаптардың орындалмағаны анықталды - заңды мекенжайы және өндіріс нысанының мекенжайы өзгергеннен кейін лицензиясы қайта рәсімделмеген" делінген министрлік хабарламасында.
25 наурызда Маңғыстау облысындағы "Қаламқас" кенішіндегі ұңғымалардың бірінен өрт шығып, өрт сөндірушілер бірнеше күннен кейін ғана өртті сөндіре алған.
Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары "Қаламқас" кенішіндегі өрт туралы видео таратып, аумақтың экологиялық жағдайына алаңдаған.
Жергілікті Lada.kz сайты таратқан ''Қаламқастағы өрт" делінген видео (25.03.2019).
30 наурызда кеніш маңындағы ауа, топырақ және су құрамын зерттеген "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ мамандарының зерттеу қорытындысын жариялаған энергетика министрлігі "ауада ластаушы заттардың жоғары концентрациясы анықталған жоқ" деп хабарлаған.
"Қаламқас" кенішін барлаумен - "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы айналысады.