Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты бүгін, 21 сәуірде "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (488-бап, 3-бөлім) деп айыпталған белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті кінәлі деп тауып, 15 күнге қамады. Толымбеков ісін судья Ержан Алдабек қараған. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне саясаттанушы, "ІІМ-дегі реформа үшін" тобының белсендісі Димаш Әлжанов жексенбі кешке хабарлады.
"Бейбарысты алып кетті. Тергеу және ұстау кезінде заңбұзушылықтар болды. Бұған қоса, оның үстінен толтырылған хаттамада "Лидер нации - позор нации" деген жазуы бар плакат болды" деп қосып жазып жіберген. Судья бұл ақпаратты тексерген жоқ және хаттама толтырған полицейден де жауап алмады" деді сотқа қатысқан Димаш Әлжанов. Оның айтуынша, сотта сурет пен видео түсіруге рұқсат етілмеген.
Vlast.kz сайтының хабарлауынша, жексенбі түнде сот Әсия Төлесованы да 15 күнге қамау туралы шешім шығарған. Әсия Төлесова судья Мұрат Абраевты ауыстыру жөнінде өтініш берген. Бірақ өтініші қабылданбаған. Жауапкердің прокурорды да ауыстыру туралы өтініш қанағаттандырылмаған. Екі белсенді де сотта тағылған айыпты жоққа шығарған.
"Сайлауға көптің назарын аудартқымыз келді. Біздегі сайлауда таңдау жоқ екеніне. Азаматтардың азаматтық позициясын белсендірек білдіргенін қаладық. Егер сайлауға байкот жарияласа, жақсы, дәлелдерін айтсын. Ал егер дауыс бергісі келсе, бәрін салмақтап, белсенді түрде таңдау жасасын. Проблемадан қашпай, онымен күрессін" деп Vlast.kz сайты Әсия Төлесованың сөзін келтірген.
Сот шешімі шыққаннан кейін сот процесіне қатысушылар судья мен прокурорға бағыттай "Масқара!" деп айғайлаған.
Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына Азаттық тілшісі хабарласқанмен жауап ала алмады. Қазақстан жастары ақпараттық қызметінің бас директоры Ирина Медникова Facebook парақшасында сотқа кіре алмағанын жазып, видео да жариялаған.
Бұған дейін Бостандық аудандық ішкі істер басқармасы Азаттыққа бірнеше азаматтың ұсталғанын растаған.
Сәуірдің 21-і күні таңертең Алматыда марафон кезінде полиция бірнеше белсендіні ұстады. Ақпарат бойынша, олар жол жиегіне "От правды не убежишь. У меня есть выбор" (Шындықтан қаша алмайсың. Менде таңдау бар) деген жазуы бар баннерлерді іліп қойған. Полиция оларды ұстап, Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековке "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып тағып, әкімшілік іс қозғаған.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымға белгіленген.