Израиль Голан жоталарындағы жаңа ауылға АҚШ президенті Дональд Трамптың атын бермек. Бұл туралы Изриаль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху өзінің Twitter парақшасында хабарлады.
Нетаньяху "Осылайша Иерусалим Голан жоталарын Израиль жері деп танып, тарихи шешім қабылдаған АҚШ президентіне алғысын білдірмек" деп жазады. Оның сөзінше, Трамптың мұндай шешімі израильдіктерді "қатты толқытқан". Үкімет Трамптың аты берілген жаңа елді-мекенді құру туралы қаулыны еврейлердің пасха мерекесінен соң қабылдамақ.
Биыл наурыз соңында АҚШ президенті Дональд Трамп Голан жоталары Израильге тиесілі деп мәлімдеген. Бұл туралы құжатқа 25 наурызда Ақ үйде қол қойып жатып Трамп "АҚШ мұндай шешімді ондаған жыл бұрын қабылдауы керек еді" деген. Құжатқа қол қойған сәтте Трамптың жанында Нетаньяху болды.
Израиль лидері мұны "батыл құжат" деп, сол күнгі датаны "Голан жоталары үшін соғыста басым түскен Израиль жеңісі дипломатиялық жеңіске айналған тарихи күн" деп атады.
Сирия сыртқы істер министрі Трамптың шешімін "Сирия егемендігі мен аумақтық тұтастығына сорақы шабуыл" деп атаған.
1967 жылы болған алты күндік соғыста әуелде Сирияға тиесілі болған жоталарды Израиль басып алған.