Латвия конституциялық соты елдегі аз ұлт өкілдерінің мектептерін түгел латыш тіліне көшіру туралы заңды Конституцияға қайшы емес деп тапты. Сот төрағасының орынбасары Санита Осипова "бұл - соңғы әрі даулауға келмейтін шешім" деді.
Былтыр Латвия президенті Раймондс Вейонис елдегі барлық мектептерді 2021 жылға қарай мемлекеттік тіл – латыш тіліне көшіру туралы заң өзгерісін бекіткен.
Қазір Латвияда мектептің екі түрі – латыш тілінде білім беретін және ұлттық азшылық мектептері бар, соңғысында орыстілді балалар да оқиды. Ұлттық мектептерде сабақтың 60 пайызы латыш тілінде, қалған 40 пайызы – ұлттық азшылық тілінде оқытылады.
Еуропа кеңесінің мәліметінше, Латвияда СССР-дан келген 223 мыңға жуық азамат тұрады. Оларға "Латвия азаматы емес" деген арнаулы статус берілген. Басқа елдің азаматы саналатын 56 мыңнан аса адамның төрттен бірі - Ресей азаматтары.
Латыш тілінде азаматтардың - 62 пайызы, орыс тілінде 37 пайызы сөйлейді. Есеп бойынша, орысша сөйлейтіндердің 90 пайызы латыш тілін біледі.
Елдегі орыстілді белсенділер мектептерде сабақтың латыш тіліне көшуіне қарсылық білдіріп, бұл процесті "мәжбүрлі ассимиляция" деп атаған.