23 сәуірде кешке Алматы облысы Заречный ауылындағы жалпы режимдегі ЛА-155/14 колониясында жазасын өтеп жатқандардың туыстары сотталғандармен кездесе алмағандарын, бұған "мекемеге әскер кіргізілгені себеп" болғанын хабарлады. Олар "колония аумағында жасыл және көк киімдегі қарулы, кейбірі үйретілген иттер жетектеген әскерилерді, көлік пен бірнеше қалааралық автобусты, жеке құрамды тасуға арналған жүк көліктерін көрдік" дейді.
"Сотталғандар құқығын қорғау мәселелері" бірлестігінің төрағасы Константин Гудаускастың Азаттыққа айтуынша, ол сейсенбі күні, 23 сәуірде, Заречныйда болғанымен, ЛА-155/14 мекемесіне кіре алмаған. Оған "жоспарланған тінту шаралары жүріп жатыр" деп хабарлаған. Гудаукас қазір Қапшағай қаласында екенін, прокурормен бірге мекеме аумағына кіруге тырысып көретінін айтты. Оның сөзінше, әскер кіргізілген соң жапа шеккен сотталғандар туралы әзірге қандай да бір дерек жоқ.
Колония басшысы Бауыржан Қалымовтың Азаттыққа айтуынша, мекемеде "жоспарланған тінту шаралары" жүріп жатыр. Қалымов мекемені түрменің жеке құрамы мен Ұлттық гвардия жасақтары тінтіп жатқанын айтты. "Сотталғандар құқығы, оның ішінде ұзақ не аз уақытқа кездесу құқығы бұзылып жатқан жоқ" дейді ол.
Ағасы Шамиль Ярославлев Қарағанды түрмелерінің бірінде азаптаудан соң көз жұмған құқық қорғаушы Руслан Оздоевтың айтуынша, Қазақстан түрмелерінде мұндай шаралар елдегі маңызды саяси оқиғалар алдында өз құқықтары туралы жиі айтатын сотталғандарға сес көрсетіп, қажет болса күшпен жуасытып алу үшін өткізіледі. Оның сөзінше, бұл үшін түрме басшылығы қалааралық автобустармен басқа өңірлерден сотталғандар арасында лидер саналатындарды әкеледі. "Мұндай шаралар кезінде жазасын өтеп жатқандар көбіне аяусыз соққыға жығылады" дейді ол.
Өткен апта соңында Қарағандыдағы Долинка ауылында орналасқан қатаң режимдегі АК-159/6 мекемесіне әскер кіргені туралы ақпарат тараған. Сол кезде қылмыстық атқару жүйесі комитеті мұның "оқу-жаттығу" екенін айтып, АК-159/6 мекемесіндегі "жағдай тұрақты" деген.