"Ауыл" партиясы 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына Төлеутай Рақымбековті үміткер ретінде ұсынды. Бұл туралы 25 сәуірде Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан партия съезінде айтылды.
Рақымбеков президент болса, көп балалы аналар мәселесін, ауыл шаруашылығы проблемаларын шешуге күш салатынын айтты.
54 жастағы Рақымбековтің мамандығы - инженер-механик және заңгер, экономика ғылымдарының кандидаты. Кәсіпкерлікпен айналысқан. Сәтпаев қаласы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары болып істеген.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымға белгіленген. Кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде, тіркеу 11 мамырда аяқталады.
Қазірге дейін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден ұсынылған кандидаттар:
- Сәдібек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы (тіл емтиханынан өтті);
- Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы (тіл емтиханынан өтті);
- Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы (ОСК-ға құжаттарын тапсырды);
- Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы.