Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 25 сәуірде мемлекеттік "Хабар" арнасына берген сұхбатында Алматыда "Шындықтан құтыла алмайсың" деген баннер ілгені үшін 15 күнге қамалған екі белсендінің ісі жайлы пікір білдірді.
Апта сайын Абаев қонақ ретінде қатысатын "Ашық әңгіме" хабарының жүргізушісі министрден "Белсенділерге кесілген жаза олар жасаған құқық бұзушылыққа лайық па?" деп сұрайды.
Абаев "іс материалдарымен таныспағандықтан лауазымды тұлға, мемлекет қызметшісі ретінде сот шешімі жайлы ештеңе дей алмайтынын" айтты.
"Бірақ саяси акцияның мазмұнына қатысты азаматтық пікірімді білдірейін. Кім не десе де, бұл - саяси акция. Барлық сипаты соған келіп тұр. [...] Әділ сайлауға шақыру Қазақстанның ешбір заңына қайшы емес. Азаматтық бастама ретінде мен жастардың бұл әрекетін қолдаймын. Бірақ мұндай акциялар, [Қазақстанның ішкі істер] министрі Тұрғымбаев айтқандай, заң аясында өтуі тиіс" деді Абаев.
Видео: Министр Абаевтың қамалған белсенділер жайлы пікірі.
21 сәуірде Алматы марафоны кезінде полиция бірнеше белсендіні жол жиегіне "От правды не убежишь. У меня есть выбор. #adilsailayuzhin" (Шындықтан құтыла алмайсың. Менің таңдауым бар. Әділ сайлау үшін) деген жазуы бар баннер ілгені үшін ұстаған. Сол күні әкімшілік сот 34 жастағы Әсия Төлесова мен 20 жастағы Бейбарыс Толымбековті "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыптап, 15 күнге қамады.
Сот баннер ұстағандарға қатысы бар және "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен тағы үш белсендіге айыппұл салды.
Фотогалерея: Шетте оқитын қазақ жастары Алматыда қамалғандарды қолдады
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары сайлаудың әділ өтуін талап еткен белсенділерді жауапқа тартқан сот шешімін сынады. 25 сәуірде Freedom House құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Алматыда ұсталған белсенділерді босатуға шақырды. Amnesty International халықаралық ұйымы Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті "ар-ождан тұтқыны" деп таныды.