1 мамырда Нұр-Сұлтандағы "Астана" концерт залының маңында жүздеген адам жиналып, билікке талап қойды. Жиналғандар "Сайлауға бойкот", "Әділ сайлауды қалаймыз", "Бізге сайлау керек емес", "Қазіргі билікке қарсымыз" деп айқайлады. Жиналғандар қала атауын "Нұр-Сұлтан" деп өзгертуге қарсылық білдірді.
Жиналғандардың қасына келген Сарыарқа ауданы әкімі Ерғали Егемберді "заңсыз митинг өткізуге болмайтынын" ескертті. Халық әкімді тыңдамай наразылықтарын айтты. Әкім кейін ол жерден кетіп қалды. Ал наразы азаматтар қаланың орталық көшелерімен жүріп, шеруді жалғастырды.
Бас прокуратура 29 сәуірде үндеу таратып, "Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 1 мамырда рұқсат етілмеген митингіге қатысуға шақырған жазбалары тарап жатыр. Мұндай акцияларға қатысқандардың әрекеті бейбiт жиындар мен митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзу деп танылады" деп мәлімдеген.
Бұған дейін Қазақстан билігін сынап жүрген әрі Қазақстан соты шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылып, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының лидері, қазір шетелде тұратын Мұхтар Әблязов жақтастарын алдағы сайлауға бойкот жариялау үшін мамырдың 1-і күні шеруге шығуға шақырған.