1 мамырда Шымкенттегі Ордабасы алаңындағы "Жер ана" монументінің алдына он шақты адам жиналып, елдегі әлеуметтік проблемалар мен сайлауға байланысты пікірлерін білдірді.
- Нәтижесі қазірден белгілі сайлауға қарсымыз. Көп балалы аналардың да, жалғызілікті аналардың да, зейнеткерлердің де халі мүшкіл. Халық кедей, - деді осында келген наразы аналардың бірі.
Жиналғандар елдегі сөз еркіндігінің жағдайы, Алматыда "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазу ілгені үшін 15 тәулікке қамалған белсенділер, халқтың әлеуметтік тұрмыс-жағдайы туралы да пікір айтты.
Ордабасы алаңын таңертеңнен бастап полиция қоршауға алған. Алаң мен оның маңындағы көшелер жабылған. Сол маңға жақын жерде полицияның арнайы автобустары мен өзге де көліктері тұрды.
Сөз сөйлегендерді жай киім киген бірнеше адам сырттай бақылап тұрды. Ескерткіш жанына жиналған азаматтар бір сағатқа жуық уақыт өткеннен кейін тарап кетті. Оларды ешкім ұстаған жоқ.
1 мамыр күні Алматы пен Нұр-Сұлтанда мерекелік шара өтіп жатқан жерге жиналған адамдар билікке наразылық білдіріп "Сайлауға - бойкот!", "Әділ сайлау талап етеміз!", "Масқара!" деп айқайлады. Бұл екі қалада полиция ондаған адамды ұстап әкетті.
Тікелей эфир: Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы наразылық
Бас прокуратура 29 сәуірде жариялаған үндеуінде "Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 1 мамырда рұқсат етілмеген митингіге қатысуға шақыру жазбалары тарап жатыр. Мұндай акцияларға қатысқандардың әрекеті бейбiт жиындар мен митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзу деп танылады" деп ескерткен.
Оған дейін Қазақстан билігін сынап жүрген әрі Қазақстан соты шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылып, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының лидері, қазір шетелде тұратын Мұхтар Әблязов жақтастарын алдағы сайлауға бойкот жариялау үшін 1 мамырда шеруге шығуға шақырған.