1 мамырда Алматыда сайлаудың әділ өтеуін талап етіп, билікке наразылық білдірген ондаған адамды полиция ұстап әкетті.
Бұл азаматтар билікке наразылығын бүгін түске таман орталық мәдениет және демалыс саябағында бастаған. Саябақ ішінде ұрандата жүріп өткендер шеруін қалада жалғастырмақ болған, бірақ полиция саябақ қақпасын жауып қойған.
Өздерін "заңды бұзбай" тарауға шақырған Медеу ауданы әкімімен біршама уақыт пікір таластырған наразылар саябақ қақпасы ашылған соң шеруін жалғастырды. Ондаған азамат бірнеше көше жүріп өтіп, Гоголь мен Пушкин көшелерінің қиылысына келгенде арнайы жасақ оларды автобустарға күштеп салып, белгісіз жаққа алып кетті.
Азаттық тілшісінің айтуынша, полиция ондаған адамды ұстаған. Сол маңда жүрген полиция өкілі оларды не себепті ұстағаны туралы сауалға жауап берген жоқ.
Қарай отырыңыз: Алматыда наразылардың ұсталуы. 1 мамыр 2019 жыл.
1 мамыр күні Алматыдан бөлек Нұр-Сұлтан мен Ақтөбеде, Қарағанды мен Шымкентте адамдар жиналып, билікке талап қойды.
Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.
Прокуратура 29 сәуірде жариялаған үндеуінде "Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 1 мамырда рұқсат етілмеген митингіге қатысуға шақыру жазбалары тарап жатыр. Мұндай акцияларға қатысқандардың әрекеті бейбiт жиындар мен митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзу деп танылады" деп ескерткен.
Бұған дейін Қазақстан билігін сынап жүрген әрі Қазақстан соты шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылып, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының лидері, қазір шетелде тұратын Мұхтар Әблязов жақтастарын алдағы сайлауға бойкот жариялау үшін мамырдың 1-і күні шеруге шығуға шақырған.