2 мамырда Нұр-Сұлтан қаласындағы жатақханалардың бірінен өрт шығып, 350-ден астам адам эвакуацияланған. Түтіннен уланған 26 адам ауруханаға түскен. "Олардың жағдайы орташа" деді Азаттық тілшісіне оқиға орнында жүрген мамандар.
Төтенше жағдай жөніндегі департамент өкілдерінің айтуынша, Байқоңыр ауданындағы Досмұхамедұлы көшесінде орналасқан бесқабатты жатақханадан өрт шыққаны туралы ақпарат құтқару қызметіне 2 мамырда таңертеңгі сағат 10 жарым шамасында түскен.
"32 адам құтқарылды, олардың 28-і бала. Өз бетімен 350 адам жатақханадан эвакуацияланды" делінген департамент хабарламасында.
Ақпарат бойынша, ғимараттың екінші қабатындағы бөлме өртенген. Жатақханада жылу беру тоқтатылғандықтан тұрғындар бөлмені жылытатын құрылғылар қолданған. Мамандар өрттің шығуына сол себеп болуы мүмкін дейді.
Жатақхана тұрғындарының бірі, көп балалы ана Азаттық тілшісіне өрт кезінде ғимаратта болғанын, қою түтіннен айнала көрінбей, әрең дегенде балаларын сыртқа шығарғанын айтқан. Таңертеңгі сағат оннан бері сыртта жүрген тұрғындар тоңғандарын да жеткізген.
Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, оқиға орнына барған қала әкімі Бақыт Сұлтанов "тұрғындарға көмектесіп", "ғимараттың жағдайын тексеруді" тапсырған.