Украина президенті болып сайланған Владимир Зеленский 2 мамырда жасаған мәлімдемесінде Ресейді Украинаның шекаралас аудандарында басып алған жерді қайтаруға шақырды.
Украина мен Ресей арасындағы жағдай туралы ұзақ ойланғанын айтқан саясаткер Қырым аннексиясы мен Донбастағы жағдайдан кейін екі ел арасында ортақ шекара ғана қалғанын атап өткен. Зеленский Ресей өз бақылауына алған Украинаға тиесілі жердің әр миллиметріне дейін қайтаруы тиіс деген.
"Тек сол кезде ғана біз өзара ұқсастықты іздей бастаймыз" деді Зеленский.
Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Ресей мен Украина халқына ортақ нәрселер көп екенін, тіпті украиналықтарға жеңілдетілген тәртіппен азаматтық беру мәселесін қарастырып жатқанын айтқан.
Зеленский "мұнай өнімдерін экспорттауға тыйым салу, жаулап алынған аумақ тұрғындарына төлқұжат беретін бекет ашу, украиндарды қамауда ұстау екі ел арасындағы жағдайды реттеуге" көмектеспейді, оларды "бауырлас мемлекеттер" деп айту қиын деген.
Ресей 2014 жылы наурызда Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап алып, сол жылы сәуірде Украинаның Донецк және Луганск облыстарында ресейшіл сепаратистер мен Украина әскері арасында қарулы қақтығыс басталған. Содан бері өткен уақыт ішінде қақтығыстардан 10 мыңнан астам адам қаза тапқан.
Киев Мәскеуді ресейшіл сепаратистерді қолдап отыр деп айыптайды. Мәскеу оны жоққа шығарады. 2015 жылы ақпанда Минскіде Украинаның шығысындағы қақтығысты тоқтату жөнінде келісім жасалғанымен, құжат шарттары әлі күнге толық орындалмай келеді.