3 мамырда түске қарай Алматы қалалық әкімдігіне онға жуық көп балалы ана жиналып, “Бақытты отбасы” бағдарламасы талаптарына наразылық білдірді. Олар бағдарлама бойынша баспана алудың негізгі талаптарының бірі – бір ай ішінде бастапқы нарықтан ең арзан үй тауып, ұсыну шартын орындау қиын екенін айтып шағынды. Аналар қаланың барлық аудандарын шарлағанын, бірақ "қысқа мерзім ішінде арзан үй таба алмағанын" айтады.
"Барлық жерге бардық. Көп іздедік. Шынын айтсақ, маклер болып қалдық. "Ақкентке" (жаңадан салынған үйлер бар шағын аудандардың бірі - ред.) барсақ, екі бөлмелі пәтер құны 17 миллион теңгеден басталады. Біздің бірден екі миллион теңгесін (бастапқы жарна - ред.) төлеуге шамамыз жетпейді. "Меркур Градтағы" үйлер 10 мамырда пайдалануға беріледі дейді. Ондағының барлығы 38 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтер. "Ақниетте" де, барлық жерде сондай. Қаласаңыз, тізімін де көрсете алам" дейді әкімдікке шағым айтып келген аналардың бірі Жансая Сопбекова Азаттық тілшісіне.
Құжаттарын көрсеткен Сопбекова үй таңдау мерзімінің 8 мамырда аяқталатынын, одан кешіксе бағдарлама бойынша үй алу мүмкіндігінен айрылатынын айтады.
Бұған қоса аналар қалада баспана бағасы қымбат екенін жеткізді.
"Біз берген ақшаға тек бір-ақ бөлме келеді. Көп балалы отбасы бір бөлмеге қалай сыяды?” дейді аналардың бірі.
Көп балалы аналар биліктен үй таңдау мерзімін ұзартуды, екінші дәрежелі тұрғын үй алуға да рұқсат беруді сұрап отыр.
Әкімдіктің аты-жөнін айтпаған қызметкері басшылар санаулы адамды ғана қабылдайтынын айтып, шағым айтып келгендердің бірнешеуін ішке кіргізді. Қалған аналар мен ақпарат құралдарының өкілдері сыртта қалды.
Түстен кейін Алматы әкімдігінен шыққан тұрғын үй саясаты басқармасы жетекшісінің орынбасары Айбек Сайділдаев аналарға "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша үй ала алмағандардың республикалық бағдарламаларға қатыса алатынын жеткізді. Оның айтуынша, республикалық деңгейде баспанамен қамтамасыз ету бойынша бағдарлама әлі жарияланбаған. Бірақ ол туралы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 23 сәуірде "Нұр Отан" партиясы съезінде айтқан. Үй таңдау мерзімін ұзартуды өтінген аналардың сұрағына жауап берген Сайділдаев оны тағы "екі аптаға созуы мүмкін" екенін айтты.
Көп балалы отбасыларды арзан баспанамен қамтамасыз етуді көздейтін "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау наурыз айының ортасында басталған.
Алматы әкімдігінің дерегі бойынша, қалада 1250-ден астам көп балалы отбасы баспана кезегінде тұр. Бұған дейін билік өкілдері "бастапқы жарна баспана құнының 10 пайызын құрайды, 18 жылға дейін берілетін несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2 пайыз болады" деп мәлімдеген.