"Центр Азия" сайтына сілтеме жасаған қазақстандық бірқатар БАҚ Қазақстанның арнайы қызмет өкілдерінің Ресей азаматы, елде қытайтанушы ретінде белгілі Константин Сыроежкиннің ұсталғанын хабарлады.
"Ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа әлемдік тәртіптің қалыптасу кезеңіндегі Қазақстанның сыртқы саясаты" тақырыбындағы докторлық диссертациясының басты ғылыми кеңесшісі болған. Докторлық диссертацияны қорғау рәсімі 2001 жылы 4 маусымда Ресей Федерациясының өзекті және халықаралық мәселелер институтында Мәскеуде өтті" деп жазды сайт.
Расталмаған дерек бойынша, Константин Сыроежкин "тыңшылық" бабы бойынша күдікке ілініп отыр.
Алайда Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) бұған байланысты баспасөз мәлімдемесін таратқан жоқ. Азаттық тілшісі ҰҚК-нің орталық аппаратына, соның ішінде баспасөз қызметіне де хабарласуға тырысқанмен жауап ала алмады. ҰҚК орталық аппаратының кезекшісі бұған байланысты еш түсініктеме бере алмайтынын, алайда дүйсенбі, 6 мамырда ҰҚК ресми баспасөз хабарламасын таратуы мүмкін екенін айтты.
Адам құқығын қорғау бойынша қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис Азаттық тілшісімен әңгімеде "ЦентрАзия" сайтында шыққан ақпаратта Сыроежкиннің нақты қай күні ұсталғаны туралы дерек жоғына назар аударады. Оның болжамынша, Сыроежкинді ақпан айында ұстаған болуы мүмкін, себебі дәл сол кезде оның әріптестерімен байланысы үзіліп қалды.
Zonakz.net сайтының тілшісі Владислав Юрицын 25 сәуір күні жариялаған "Әлемнің шынайы картасындағы "Бір белдеу - бір жол" жобасы" атты мақаласының соңына мынадай жазба қалдырған.
"Қазақстандағы Қытай бойынша сарапшы мамандардың ортасы өте шағын және бәрі бір-бірін біледі. [Сәуірде өткен Қытайдың ірі жобасына арналған] Конференция кезінде көбі Константин Сыроежкиннің жоғалып кеткеніне назар аударды. Ол [ақпан айында өткен] республикадағы қытайтану бойынша конференция кезінде баяндама жасауы тиіс болған, бірақ оған келген жоқ және оған ешкім хабарласа алмай жатыр" делінген сайтта.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Алматыда туып-өскен 62 жастағы Константин Сыроежкин Қазақстанда ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған, елде Қытай мәселелері бойынша жетекші сарапшылардың бірі. Орыс, ағылшын және қытай тілінде жарық көрген мыңнан астам мақаланың авторы.