Сот Ақтөбе адвокаттар алқасы төрайымын лицензиясынан айыру туралы шешім шығарды

Kazakhstan - Map of Aktobe Region.

6 мамырда Ақтөбе қалалық соты облыстық адвокаттар алқасын 30 жылға жуық басқарған Раиса Якубенконы адвокаттық лицензиясынан айыру туралы шешім шығарды. Сотқа Раиса Якубенконың үстінен әділет министрлігі шағымданған.

Адвокаттық қызмет туралы заңға сәйкес, Қазақстан азаматы ғана ел аумағында адвокат бола алады. Сот Раиса Якубенконы "2000 жылы тамызда Ресей азаматтығын алған күйеуі Валерий Якубенконың адвокат болуына жол берген" деп айыптайды. Соттың дерегінше, "Валерий Якубенко Ресей азаматы бола тұра мемлекет жалдайтын қорғаушылардың жүйесіне енген. Яғни, ол ақшасы жоқ айыпталушыларға адвокат болып, мемлекет бюджеттінен осы кезге дейін шамамен бес миллион теңге ақы алған".

Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының төрайымы Раиса Якубенко сот шешімімен таныспағанын айтады.

- Одан арғы әрекетімнің қандай болатынын сот шешімімен танысқаннан кейін ғана айта аламын, - деді ол Азаттық тілшісіне телефонмен берген сұқбатында.

Қазақстан әділет министрлігі осыған дейін 2018 жылы қаңтарда Раиса Якубенконың "әріптестестерінің қызметін жеткілікті деңгейде бақыламады" деп айыптап, сотқа шағымданған. Ол кезде Ақтөбе қалалық соты министрлік шағымын қанағаттандырмаған еді.

Ал бұл жолы министрлік сотқа шағымданбас бұрын Ақтөбе облыстық әділет департаментіне адвокатураның жұмысына тексерткен. Департамент адвокатура қызметінен 430 заң бұзушылық тапқанын хабарлады. Тексеруден кейін сот шешімімен Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының үш адвокаты Ғалымжан Акбаров, Айсәуле Альбакасова мен Шалқарбек Ілиясов лицензияларынан айырылған.

Кейін ақтөбелік адвокаттар баспасөз мәслихатын өткізіп, "Раиса Якубенко Қазақстанда адвокаттар қызметі туралы заң жобасының қабылдануына белсенді түрде қарсы шықты. Адвокаттардың тәуелсіздігін шектейтін бұл заң жобасына біз де қарсымыз. Раиса Якубенко жоғарыға біздің дауысымызды жеткізуге тырысты. Сол үшін лицензиясынан айырылмақшы" деген еді.

Раиса Якубенко жетекшілік ететін Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының 150 мүшесі бар.