Шри-Ланкадағы терактілердің ұйымдастырушылары "өлтірілді не ұсталды". Бұл туралы ел билігі хабарлады. "Өлтірілген" адамдар саны нақты айтылған жоқ. Қамауда отырғандар саны 70-тен асады. Полиция басшысы Хандана Викрамаратне өлтірілгендер арасында "террористерге жарылғыш жасайтын екі маман" барын айтты. Олардан жаңа шабуыл кезінде қолданылуы мүмкін жарылғыш заттар тәркіленген.
Жексенбі, 21 сәуірде Шри-Ланканың түрлі аумағында сегіз жарылыс болған. Оның төртеуі - қонақ үйде, үшеуі шіркеуде болды. 250-ге жуық азамат қаза тапты. Жарылысты "Ислам мемлекеті" террористік ұйымы мойнына алды.
БАҚ-тың жазуынша, батыс барлау қызметтері ықтимал шабуыл туралы Шри-Ланка билігіне ескерткен. The Telegraph газеті барлау қызметтерінде Азия мен Африканың шипажай аймақтарына жасалуы мүмкін жаңа терактілер туралы мәліметтер барын хабарлаған. Басылым дерегінше, шабуыл Үндістан, Кения, Мальдив аралдары мен Танзаниядағы демалыс аймақтарына жасалуы мүмкін. Бірақ бұл ақпарат ресми расталмаған.