Нұр-Сұлтан қаласындағы "Мәңгілік полк - Бессмертный полк" шеруін ұйымдастыру кеңесінің басшысы Аида Баймакова тұрғындардан шараны саяси мақсаттарға пайдаланбауды сұрады. Баймакованың үндеуі 8 мамырда Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.
Баймакованың сөзінше, "Жаужүрек полк - Бессмертный полк" шеруінің ұйымдастырушылары шара кезінде құқық бұзушылықтарды байқайтын болса, полицияға шағымданады.
Ұйымдастырушылар "Мәңгілік полк" шеруінде жарнама плакаттарын және корпоративтік символдарды пайдалануды қорлау деп санайды.
Қазақстан бас прокуратурасы азаматтарды 9 мамырда заңсыз митингіге шықпауға шақырып, қатысқандардың "қатаң жауапқа тартылатынын" ескертті. Прокуратура үндеуінде "Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ертең, 9 мамырда заңсыз митингіге қатысуға үгіттеу жүріп жатқанын" айтады. Бірақ ведомство наразылық білдіруге нақты кімнің шақырып жатқанын көрсетпеген.
6 мамырда Қазақстан ішкі істер министрлігі 6-12 мамырда ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген жұмыс режиміне көшетінін хабарлаған. Министрлік қоғамдық тәртіпті бұзу, шаралардың өтуіне кедергі келтіру фактілері болса, полиция заңға сай жедел әрекет ететінін ескерткен.
Нұр-Сұлтанда "Мәңгілік полк" шарасы 2015 жылдан бері ұйымдастырылады. Шеруде Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарының ұрпақтары жақындарын еске алады.